Валюта бағамының құбылуы Ұлттық қордан балаларға берілетін ақша көлеміне әсер етпейді – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM –  Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы болжамсыздық «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қалай әсер ететінін айтты.

ұлттық қор
Фото: Kazinform

- Бұл жерде Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызын доллар күйінде шоттарға аударады. Бала 18-ге толғанда ғана оны заңда көрсетілген жағдайларға пайдалану үшін шешіп алады. Ұлттық қордың бүкіл есебі доллармен жүргізілетіндіктен сәйкесінше валюта бағамының өзгеруінен оған тиетін әсер жоқ. Ұлттық қордың инвестициялық табысы қандай болатынын нақты болжау қиын. Өйткені қазір нарық құбылып тұр, бірде түссе, бірде көтеріледі. S&P, NASDAQ сияқты құралдардың өзі қызыл түске өтіп, қайта «жасылға» оралғанын көрдіңіздер. Біз оған әсер ете алмаймыз, бұл – жаһандық нарықтар. Сондықтан қазіргі жағдай қалыпқа түскен кезде, нарықта өсім болады, - деді ол Ұлттық банктің кезекті баспасөз мәслихатында.

Тимур Сүлейменов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының бүкіл есебі доллармен жүргізілетінін қайталап айтты.

- Сәйкесінше валюта бағамының қозғалысы балалардың табысына ешқандай да әсер етпейді, - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы жаңа шешім қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар