Валюта бағамындағы өзгерістердің баспана нарығына тікелей әсері болмайды - ҚР ТКШ және құрылыс Ұлттық палатасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өзгеруі себебі Қазақстандағы тұрғын үй нарығына тікелей әсер етпейді. Бұл туралы Астанада құрылыс саласы мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» барысында ҚР ТКШ және құрылыс Ұлттық палатасының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков мәлім етті.
«Әрине, теңге бағамының өзгеруі баспана нарығына еш әсер етпейді деп айту қиын. Белгілі бір ықпалы болуы мүмкін. Алайда, осыған тікелей байланысты деуге еш негіз жоқ», - дейді басқарма төрағасы.
Осы орайда, ол Қазақстандағы құрылыс саласында темір-бетон материалдары толығымен отандық өнімнен дайындалатынын және осы материалдар құрылыс нысанында пайдаланылатын өнімдердің ішінде басым бөлігін алатынын атап өтті. Ал шетелден шыны мен керамика секілді құрылыс заттары тасымалданғанымен, олардың құрылыстың бағасында үлесі өте төмен екенін жеткізді.
«Құрылыста 89-90 пайызы цемент, темір-бетоннан шығарылатын материалдардың үлесінде. Сондықтан тікелей әсері болады деп ойламаймын», - деп түйді Т. Рақымбеков.