Валюта бағамының құбылуы тарифтің көтерілуіне әкелді – байланыс операторы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 8 мамырда «Beeline Қазақстан» компаниясы өз абоненттеріне тарифтердің көтерілгенін хабарлаған болатын. Байланыс операторы «ҚазАқпараттың» сауалына жолдаған жауапта сол шешімдерінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Валюта бағамының құбылуы тарифтің көтерілуіне әкелді – байланыс операторы

«2020 жылы қазақстандықтар «Beeline» байланыс операторы арқылы ай сайын 12,6 Гб интернет шығындаған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 16 Гб жетіп, 26% артқан. Тіпті, кейбір өңірлерде қолданушылардың интернет тұтыну шығыны 67% артты. Осының бәрі желінің жүктемесіне салмақ салады», - деп жазады компания.

Байланыс операторының мәліметі бойынша, жүктеме ұдайы өсіп жатқан шақта интернеттің жылдамдығы мен сапасын сақтау үшін интернет жабынын кеңейту және сыйымдылықты арттыруға тұрақты негізде инвестиция салынып жатыр.

«Бір ғана базалық стансаның құны монтаж жұмыстарымен бірге 100 млн теңгеге дейін шығуы мүмкін. 2021 жылы «Beeline Қазақстанның» шығыны 57,7 млрд теңге болды. Бұл жерде компания жабын аймағын кеңейтуге қажет қондырғыларды шетелдік өндірушілерден сатып алатынын ескеру қажет. Демек, қондырғыны доллармен сатып алса, абонент төлемдерін теңгемен қабылдайды, яғни интернет сапасы мен жылдамдығын ұстап тұру шығындары валюта бағамы құбылған сайын көбейіп барады», - делінген жауапта.

Бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл 140 ауылда интернет сапасы жақсартылатынын айтқан болатын.