Ван Гогтың картинасы аукционда рекордтық бағаға сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерланд суретшісі Винсент ван Гогтың «Гүлдеген талшындар» («Цветущие каштаны») атты картинасы Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында 190,43 миллион долларға сатылды. Бұл — суретшінің аукционға қойылған туындылары арасындағы рекордтық көрсеткіш, деп жазады DW.

Ван Гогтың картинасы аукционда рекордтық бағаға сатылды
Фото: Lev Radin/ZUMA/picture alliance

Картинаны сатуға оның қазіргі иелері мен неміс баспагері Самуэль Фишердің мұрагерлері арасындағы дау кедергі болған. Фишер отбасы туындыны Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін иеленген. Алайда аукцион басталардан бір күн бұрын тараптар келісімге келіп, туынды сатылымға қойылды.

Ван Гог картинаны 1890 жылғы мамырда Францияның Овер-сюр-Уаз қаласында, қайтыс боларынан екі ай бұрын салған. Онда жол бойында гүлдеген талшын ағаштары мен жолмен кетіп бара жатқан ер адам және үш әйел бейнеленген.

S. Fischer баспасының негізін қалаған еврей коллекционері Самуэль Фишер картинаны 1909 жылы Парижден сатып алған. Ол қайтыс болғаннан кейін туынды жұбайына мұраға қалған. Туынды 1936 жылы басқа отбасының қолына өткен. 1975 жылы картинаны Аргентинаның Блакье-Аррьета отбасы сатып алып, шамамен жарты ғасыр сақтаған.

Самуэль Фишердің мұрагерлері картинаның 1936 жылы ерікті түрде сатылмағанын алға тартты. Олардың пікірінше, Германияда еврейлер қудаланған кезеңде отбасы туындыдан амалсыз айырылған. Мұрагерлердің адвокаты Гуннар Шнабель сол кездегі сауданың нарықтық бағамен жасалғанын және кемсітушіліктің салдары болмағанын дәлелдеуді талап етті.

Ал Sotheby’s аукцион үйі картинаның иелік тарихын жан-жақты зерттегенін мәлімдеді. Зерттеу қорытындысы бойынша туынды 1932-1933 жылдары Амстердамда сақталып, 1936 жылғы маусымда 68 мың швейцар франкіне сатылған. Аукцион үйі картинаның мәжбүрлі түрде немесе нарықтық бағадан төмен сатылғанын растайтын дәлел таппағанын хабарлады.

Сауда алдында екі отбасының мұрагерлері келісімге келген. Оның шарттары жарияланған жоқ. Sotheby’s бұл келісім Фишер отбасының Холокост жылдарындағы көрген қасіретін мойындауға және картинаны сатуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Бұған дейін Ван Гогтың аукционда ең қымбат сатылған туындысы «Кипаристер арасындағы жеміс бағы» картинасы болатын. Ол 2022 жылы 117,2 миллион долларға бағаланған.

Еске салайық, биыл қыркүйек айында Ван Гогтың барлық картинасы 40 жылда алғаш рет бір көрмеге қойылады.