Ван Гогтың «Қызғалдақтар» туындысы мұражай қызметкерлерінің салғырттығынан қолды болды

АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат - Мысырдың қауіпсіздік күштері Винсент ван Гогтың өткен аптада ұрланған «Қызғалдақтар» туындысын іздестіруді жалғастыруда. Құны 55 миллион долларға бағаланып отырған картина сенбі күні Каирдегі Мұхаммед Махмұд Халил мұражайынан ұрланған болатын, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.

Ван Гогтың  «Қызғалдақтар»   туындысы    мұражай  қызметкерлерінің салғырттығынан  қолды болды

Суреттің қолды болғаны анықтала салып, қауіпсіздік қызметкерлері дереу тексерулер жүргізген, мұражайға келушілерден, мұражай қызметкерлерінен жауап алған, бірақ бұл шаралар ешқандай нәтиже берген жоқ.

Мысырдың бас прокуроры Әбдел Мағид Махмұд жексенбі күні мұражайдың күзет қызметін қатты сынға алды. Мұражайдың шағын аумақты алып жатқанына және оған келетін туристердің де онша көп еместігіне қарамастан, күзетшілер құнды жәдігердің қолды болуына жол беріп алған. Оқиға кезінде мұражайдағы 43 бейнебақылау камерасының тек жетеуі ғана істеп тұрған, ал барлық дерлік экспонаттарға қосылған дабыл өшіріліп түрған.