Вандализмге жаза күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Вандализм жасағандар 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты.

стекло
Фото: pixabay.com

«Мемлекет басшысы вандализмді жағымсыз құбылыс деп, онымен күресу керектігін атап өтті. Сол себепті осы заң жобаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Вандализм ұғымы қолданыстағы заңмен бірге қалады. Бұл тарихи-мұра нысандарын, тарихи және мәдени ескерткіштерін, Үкімет қорғайтын тарих нысандарын сурет пен басқа да адамгершілікке жатпайтын әрекеттермен қорлау деп танылып отыр. Ұғым қала береді. Ал жаза күшейтіледі. Мысалы, айыппұл 100-ден 200 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бүгінде ол 50-ден 160 АЕК арасында. Ал қамауға алу мерзімі бүгінде 40 тәулік болса, енді 50 тәулікке дейін арттырылады. Мұндай әрекеттерді бірнеше рет немесе топпен істесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай жауапкершілік қазіргі заңдамада жоқ», — деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол Әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. 

«Әкімшілік кодекстің 434-бабының тағы бір бөлігі болады. Жат әрекеттер қоғамдық инфрақұрылымға кәдімгідей шығын келтіреді. Сондықтан жауапкершілік күшейтіледі. Айыппұл 20-дан 50 АЕК дейін өседі. Ал қамауға алу 15-тен 20 тәулікке дейін артады Ал егер осы әрекеттер 1 жылдың ішінде қайталанса, қамауға алудың ең жоғары мерзімі қолданылады», — деді ол. 

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары 1-оқылымда мақұлдаған еді.