Ванкуверде қазақстандық спортшылар алтын және күміс медальдарды жеңіп алды

АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - ХІІІ Дүниежүзілік полицейлер мен өрт сөндірушілердің олимпиадасы өтіп жатқан Канаданың Ванкувер қаласынан бүгін қуанышты хабар келді.

Ванкуверде қазақстандық спортшылар алтын және күміс медальдарды жеңіп алды

Дүниежүзілік полицейлер мен өрт сөндірушілердің олимпиадасына белгілі қазақстандық спортшылардың - Астанадан Серік Нұрғалиевтың және Шымкенттен Асқар Жандаровтың қатысып жатқанын естеріңізге саламыз. Екеуі де - ҚР ІІМ өкілі.

Жарыстың үшінші күні Серік Нұрғалиев 67,5 килә салмақ дәрежесінде шалқалай жатып штанганы көтеруден (бенчпрессе) өнер көрсетті және табысқа жетті. Ол тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленген Канада мен Испанияның өкілдерін артқа қалдырып, алтын медальды жеңіп алды. Сөз орайында айта кету керек, бұл С.Нұрғалиевтың қоржынындағы 24-інші алтын медаль.

Олимпиадада грек-рим күресінен белдескен біздің екінші отандасымыз шымкенттік Асқар Жандаров күміс медальды жеңіп алды.

Тамыздың 10-ына дейін созылатын жарыстарға барлығы 67 елден келген 12 мың спортшы қатысуда.