Варшавада ЕҚЫҰ-ның Гуманитарлық өлшем саласындағы шолу конференциясы өз жұмысын бастады
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы тамыздың 3-інде ЕҚЫҰ Министрлер кеңесі ағымдағы жылы желтоқсанның 1-2-сінде Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, соның қарсаңында қыркүйектің 30-ы мен қазанның 8-і аралығында - Варшавада, қазанның 18-26-сы аралығында - Венада, қарашаның 26-28-і аралығында - Астанада Шолу конференциялары өткізілетін болып шешілген.
Польша елордасында өтетін кеңеске ЕҚЫҰ елдерінің өкілдері, халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғау саласының белсенділері жиналып отыр. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы - Қазақстанның атынан да үлкен делегация қатысуда.
Шолу конференциясының күн тәртібіне ЕҚЫҰ аясында әскери-саяси және экономика-экологиялық өлшемдермен қатар қауіпсіздіктің үш өлшемінің бірі ретінде қарастырылатын және кең мағынасында қауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі болып табылатын адам құқықтарымен және демократиямен байланысты мәселелер енгізіліп отыр.