Варшавада Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Варшава қаласында «Invest in Kazakhstan» атты Қазақстан-Польша бизнес-форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Варшавада Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтіп жатыр

Шараны Польшаның Кәсіпкерлік және технологиялар министрлігі мен Польша Инвестициялар және сауда жөніндегі агенттігінің қолдауымен Қазақстанның Польшадағы Елшілігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы және Польшаның Бизнес кеңесі бірлесіп ұйымдастырған.

«Шараның негізгі мақсаты - Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты күшейту, екі елдің іскер топтары арасында қолданыстағы тікелей байланыстарды нығайту және жаңаларын орнату, сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық жобаларды, мүмкіндіктерді, бизнеске қолдау механизмдерін таныстыру», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен брифингте.

Форумға екі елдің ауылшаруашылық, энергетика, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік, химия, тау-кен металлургия және фармацевтикалық өнеркәсіп салалардағы компаниялары қатысуда.

Айта кетейік, ертең Астанада Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы өтеді.