Вашингтон қару алып жүруге тыйым салуды конституцияға қайшы деп таныды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вашингтонда қоғамдық орындарда атыс қаруын алып жүруге тыйым салатын заңды Конституцияға қайшы деп тапты. Бұл туралы The Washington Times газеті жазды. Басылымның мәліметінше, мұндай шешімді федералдық судья Фредерик Скаллин қабылдаған.
Айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын бір топ қару иелері бірлесіп, Колумбия округінің атыс қаруын тек үй мен жұмыста ғана сақтау қажет деген заңнамасына қарсы шағым түсірген. Олардың пікірінше, бұл заңнама америкалық конституцияның екінші түзетіліміне қайшы келеді.
Вашингтон басшылығының бұл шешімді апелляцияға беруге құқығы бар. Бас прокуратураның баспасөз хатшысының мәлімдемесінше, қазіргі уақытта сот шешімі зерттелуде.