Вашингтонда құрылыс магнаты мен оның отбасының жансыз денелері табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ астанасының беделді аудандарының бірінде орналасқан үйде Американың ірі компаниясының басшысы, оның зайыбы және олардың 10 жасар ұлы мен үй қызметшісінің жансыз денелері табылды, деп хабарлайды Лента.ру.
CBS Local хабарлағандай, бұл отбасы Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джозеф Байденге жақын жерде тұрған. Тергеу мәліметтерінше, бейсенбі, 14 мамыр күні қылмыскерлер зәулім үйдің ішіне кіріп, оның ішінде болған адамдарды өлтірген соң, ғимаратты өртеп жіберген. Вашингтон полициясының басшысы Кэти Лэниэр (Cathy Lanier) үш құрбанның пышақпен немесе доғал затпен жарақаттар салынғанын хабарлады. Оның айтуынша, төрт адамның барлығы үйде өлтірілген. Бұл жерде сондай-ақ бензиннің иісі де білінген.
Полицияның берген мәліметтеріне қарағанда, қаскүнемдердің қолынан American Iron Works компаниясының 46 жастағы басшысы Саввас Савополус (Savvas Savopoulos), оның 47 жастағы зайыбы Эми Савополус (Amy Savopoulos), олардың 10 жасар ұлы Филип (Philip) және үй қызметшісі болған Вералисия Фигероа (Veralicia Figueroa) қаза тапты. Бұл жұптың сондай-ақ қылмыс жасау кезінде мектеп-пансионатында болған екі қызы қалды. Қазіргі кезде қыздар қауіпсіз жерде, деп қосып өтті Лэниэр.