Вашингтонда Наурыз мейрамына арналған салтанатты кеш өтті
Бұл қалада Әз Наурыз осымен 5-ші рет тойланып отыр. Іс-шараны "Наурыз комиссиясы" үкіметтік емес ұйымы мен осы көктем мерекесін тойлайтын елдердің Вашингтондағы дипломатиялық өкілдіктері, оның ішінде Қазақстан Елшілігі ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
"Наурыз комиссиясын" құру және америка жерінде Наурызды кеңінен дәріптеу идеясы кезінде АҚШ-та Қазақстан Елшісі болған, қазіргі Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов пен белгілі кәсіпкерлер мен меценаттар Нассер Каземини мен Бижан Киянға тиесілі. Олардың бастамасы Наурыз мейрамын атап өтетін елдер елшіліктерінің де белсенді қолдауына ие болды, - делінген хабарламада.
Биылғы салтанатты кеште 500-ден астам Американың ресми тұлғалары, кәсіпкерлері, сарапшылары, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Гала-кеш барысында қонақтар назарына «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті саласындағы халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ұйымдастырған өнер шеберлері тобының концерті ұсынылды.
Шара қарсаңында, 14 наурызда ҚР Елшілігі қолдауымен Д.Қасейінов Ақ үйде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Орталық Азия жөніндегі директоры Генри Устермен кездесу өткізіп, Президент Б.Обамаға ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы сый табыс етті.