Василий Левит кубалық боксшыдан жеңіліп қалды

Эрисланди Сейвонның қарқыны мен Василий Левиттің екпіні шаршы алаңда нағыз көрікті боксты көрсете білді. Мамандар дәл бұл кездесуде Левитке кубалықтың айтарлықтай қарсылық көрсеткенін айтады. Бұған дейін қазақстандық боксшының қарқынына қарсыластардың көбі «қоғадай жапырылған». Алғашқы кездесу тең деңгейде өрбігенімен Левиттің екінші раундтағы сол қолымен жасаған соққылары Сейвонды қалбалақтата түскен еді. Кубалықтың бойы Левиттен 7 сантиметр ұзын болғанына қарамастан, отандасымыздың тәжірибесі қарсыласын тырп еткізген жоқ. Левит қашықтықты сақтай отырып, ұпайын түгендеп алғандай болып жүрген. Алайда төрешілердің шешімімен жеңіс кубалыққа берілді.
Еске сала кетсек, Германияның Гамбург қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында осыған дейін қазақстандық Қайрат Ералиев (56 келіге дейінгі салмақ) пен Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейінгі салмақ) финалға жолдама алса, 49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержан қола жүлде иеленген болатын.