Ватикан М.Ахмадинежадты соңына дейін тыңдады
ЖЕНЕВА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының нәсілшілдік бойынша өткен конференциясында Ватикан делегациясы Иран президенті Махмұд Ахмадинежадтың сөзін тыңдамай мәжіліс залынан шығып кеткен еуропалық дипломаттардан үлгі алған жоқ,
олар Иран президентінің сөзін соңына дейін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Ватиканның ресми өкілі мәртебелі Федерико Ломбарди, Иран президентінің атышулы баяндамасында «экстремистік немесе жарамсыз мәлімдемелер» болғанымен, Ватиканның пікірінше, ислам мемлекетінің басшысы «Холокосты немесе Израильдің өмір сүру құқығын» теріске шығарған жоқ, деп мәлім етті. Рим папасы Бенедикт XVI сәуірдің 19-ында сөйлеген сөзінде Женева конференциясын нәсілшілдікпен күрестегі «маңызды бастама» деп қолдап, Римнің бас раввині Риккардо ди Сеньенің сынына ұшыраған еді. Мұның алдында Иран президенті еврей мемлекетін «нәсілшілдік режімді» ел деп атаған болатын. М.Ахмадинежадтың Израильге қарсы мәлімдемесіне наразылық ретінде еуропалық дипломаттар мәжіліс залынан шығып кеткен болатын. БҰҰ-ның нәсілшілдікке қарсы конференциясы Женевада сәуірдің 20-сы мен 24-і аралығында өтуде.