Велошабандоз Мигель Анхель Лопес «Астана» сапында қалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Колумбиялық велошабандоз Мигель Анхель Лопес «Астана» әлімдік турының командасында 2020 жылдың соңына дейін өнер көрсетуді жалғастырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Astana Pro Team сайтына сілтеме жасап.

 Велошабандоз Мигель Анхель Лопес «Астана» сапында қалады

2018 жылдың маусымына жасалған келісімшартқа қарамастан, команда басшылығы мен спортшы тағы екі жылға (2019 және 2020) арналған жаңа келісімге қол қойды.

«Алдағы үш маусымда «Астана» командасында боламын, қуанышымда шек жоқ. Мен өзімнің кәсіби мансабымды осында бастадым, осы уақыт ішінде басшылық, спорт директорлары, командадағы ойыншылар тарапынан қолдауға ие болып келемін», - деді  Мигель Анхель Лопес.

23 жастағы велошабандоз қазақстандық команданың құрамында 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен үш маусымда алған жарақатына қарамастан керемет нәтижелерге қол жеткізді.

«Біз үшін Мигель Анхель Лопес - жап-жас болғанына қарамастан, командадағы көшбасшылардың бірі. Оған біреуге бірдеңе дәлелдеудің қажеті жоқ - тек тәжірибе жинақтап, кәсіби велошабандоз ретінде дамып, биік шыңдарды бағындырса болғаны», - деді команданың бас менеджері Александр Винокуров.