Велосипед мінген қария Нұр-Сұлтаннан Петропавлға келді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны 66 жастағы Қазыбек Бекеев 500-ден астам шақырымды велосипедпен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазыбек Бекеевтің алыс жолды қос дөңгелекті көлікпен бағындыруына Нұр-Сұлтан қаласына велосипедке берген тапсырысы себеп болған.

«Карантинге байланысты 65 жастан асқандарға шектеу бар ғой. Сол себепті қоғамдық көлік – пойызға мінбейін, ережені бұзбайын деп жаңа велосипедімді өзім мініп келуге шешім қабылдадым. Мамырдан бастап 2-3 ай жаттықтым. Бірінші күні 260 шақырымды 8 сағатта жүріп өттім, өзім таң қалдым. Бәрі Алланың қолында. Әрі жол да жақсы. Бурабайда тоқтап, дем алып, екінші күні 10 сағат жүріп Петропавлға жеттім», - дейді Петропавл тұрғыны.

Қазыбек ата балаларының болашағы үшін 1997 жылы ауылдан қалаға көшкен. Төрт қызы мен екі ұлын аяққа тұрғызу үшін түрлі жұмыс істеген. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, олардан немере-жиен сүйіп отыр. Қарияның пікірінше, ер адам «қолымнан келмейді, білмеймін» деп айтпауы керек. Сол үшін осыдан он жыл бұрын спортқа ден қойған екен.

«Спортпен айналысуға ешқашан да кеш емес. Ауылда өстім. Тек 55-56 жасымда ғана бастадым. Басында денсаулығым үшін жүгіруді қолға алдым. Кейін өзімді сынап додаларға қатыса бастадым. Нәтижесіз емес, марафондарда жастарды артқа тастайтын болдым. 60 жасымда спорттың осы түріне кәсіби түрде ден қойдым», - дейді Қазыбек Бекеев.

2012 жылдан бері ол халықаралық марафондарға қатысып жүр. Нәтижесіз де емес. Түркияда 65 мың адам қатысқан байрақты бәсекеде ол өз жасындағылардың ішінде сегізінші келді. Сол жолы ол 45 шақырымды бағындырған еді. Ал 2 жылдан кейін Омбыда өткен халықаралық марафонда Қазыбек Бекеев 21 шақырымды жүгіріп өтіп, екінші орынды жеңіп алды.

«2018 жылы Елордадағы 34 қабатқа жүгіріп шығудан жарыс болатынын кездейсоқ естіп қалдым. Дайындалуға уақыт жоқ. Өтініш беріп, екінші күні қатыстым. Бұл марафон жүгіру емес, өз қиындығы бар. Сонда да жастарға дес бермедім. Оларды артқа қалдырып, бас жүлде 100 мың теңгені жеңіп алдым», - дейді қария.

Енді Қазыбек Бекеев карантиннің аяқталып, жағдайдың қалыпқа келуін күтіп жүр. Ол өзі сияқты 15-20 адаммен велосипедке отырып, Испанияға барып келуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар