Велосипедпен жүру энергия мен таза ауаны, денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күйді сақтайды - Т. Рақымбеков

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанда БҰҰ дамыту бағдарламасы және Нидерланды Корольдігінің бастамасымен «Энергия үнемдеу және салауатты өмір салты үшін» веложарысы ұйымдастырылды.

Велосипедпен жүру энергия мен таза ауаны, денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күйді сақтайды - Т. Рақымбеков

 Оған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев, Нидерланды Елшісі Петер ван Леувен және басқа да лауазымды тұлғалар бастаған, студенттер мен мектеп оқушылары және қала тұрғындары қостаған 100-ге жуық велосипедшілер Астана көшелерімен жүріп өтті.

Шараның мақсаты - халықтың назарын энергияны үнемдеуге аударумен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру, белсенді демалыс және қоршаған ортаны қорғау тәсілін дәріптеу.

«Мұндай шаралар биылғы мамыр айынан бастап еліміздің түрлі қалаларында ұйымдастырылып келе жатыр. Астанада осымен үшінші рет өтуде.  Дегенмен қалада велосипедшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірде-бір веложол жоқ. Велосипедті тұрақты көлік түрі еткендер үшін қала көшелері қауіпсіз деп айту қиын», - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі - «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков.

Оның айтуынша, аталмыш веложарыс қала тұрғындарына велосипедпен жүрудің маңыздылығын түсіндіреді. «Астанада велосипедпен жүру жылдың 6 айында ғана мүмкін болса да, осының өзі энергия мен таза ауаны, денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күйді сақтауға өз үлесін қосары сөзсіз», - дейді Т. Рақымбеков.