Велотректен Азия чемпионаты: Ел қоржыны тағы бір медальмен толықты

Велотректен Азия чемпионаты: Ел қоржыны тағы бір медальмен толықты
Фото: ҚР Спорт комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан велотректен ересектер арасындағы 43-ші Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты.

ҚР Спорт және дене шынықтыру комитеті мәлім еткендей, «Мэдисон» жарысында еліміздің ерлер құрамасы (Әлішер Жұмақан мен Рамис Дінмұхаметов) қола жүлдеге ие болды.

Бұл Әлішер мен Рамистің Делидегі осы чемпионаттағы алғашқы жүлдесі емес. Бірнеше күн бұрын ұпай жинау жарысында Әлішер күміс, ал топтан тыс қалу бәсекесінде Рамис қола медальға қол жеткізген болатын.

Осыдан кейін өткен «кейрин» бағдарламасында Ұлттық құраманың қос спортшысы ТОП-10-дыққа кірді. Сергей Пономарев 9-шы, Андрей Чугай 10-орынға тұрақтады.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 күміс, 4 қола медаль бар. Сары құрлық додасына биыл 23 елдің үздіктері жиналып, өзара мықтыны анықтап жатыр. Аталған біріншілікте еліміздің намысын 9 спортшы қорғап жатыр. Азия біріншілігі ертең, яғни 26 ақпанда мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram