Велотректен соңғы лицензиялық жарысқа 4 қазақстандық қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – 12-14 сәуір аралығында Канаданың Милтон қаласында велотректен соңғы лицензиялық Ұлттар кубогының шешуші кезеңі өтеді.

велотрек
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Олимпиада рейтингінде ұпай берілетін соңғы лицензиялық турнирде Ұлттық құраманың 3 спортшысы бақ сынайды. Атап айтар болсақ, омниум мен топтан тыс қалу бағдарламасында Рамис Дінмұхаметов жарысады. Ал кейрин мен спринтте Сергей Пономарев пен Андрей Чугай сынға түседі.

«Ұлттық құрама спортшылары бірнеше дайындық кезеңінен өтті. Бұл қатарда Таразда өткен қысқы ел чемпионаты бар. Осы тұста биыл Олимпиада іріктеуіне және дайындыққа арналған бөлек күнтізбе жасағанымызды айтқым келеді. Қазір Астанада өтіп жатқан омниумнан Қазақстан чемпионаты Әлем Кубогына дайындықтың соңғы сатысы. Ұлттық құрама көшбасшысы Рамис Дінмұхаметов тағы топ жарып, бабында екенін көрсетті. Канададағы кезеңнен кейін олимпиадалық рейтинг жабылады. Ұпайлар 1 мен 24-орын аралығындағы велошабандоздарға беріледі. Сосын, 22 сәуірде квоталар белгілі болады», - деді жаттықтырушы Зәки Сұлтанов.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстан делегациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар. Париж Олимпиадасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция жеріндегі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.