Вена көшелерінен шабыт алдық: Астанада 1,4 шақырымдық сырғанақ салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қараша айының ортасында Астанадағы «Линейный» саябағында ASTANA WINTER PARK жобасы ашылады. Қысқы парктің жалпы ауданы 6 мың шаршы метрге жуықтаса, мұз айдыны 1,4 шақырымға жетеді. Бұл туралы Астана қалалық урбанистика орталығы хабарлады.

Фото
Фото: Астана Урбанистика орталығы

— Жобаның басты ерекшелігі — мұз айдынының тұтас саябақ аумағын бойлап өтуінде. Бұл үшін 1,4 шақырым болатын арнайы мұздатқыш жолдар жасалып жатыр. Осылайша қала тұрғындары қыста серуендеп қана қоймай, мұз үстінде сырғанауға да мүмкіндік алады, — деп жауап берді Урбанистика орталығы агенттік тілшісіне.

Фото
Фото: Астана Урбанистика орталығы

 

Жаңа қысқы қалашық Abu Dhabi Plaza сауда орталығының маңында орналаспақ. Онда елорда тұрғындары мен қонақтарына жылы павильондар, коньки жалға беру орындары, демалыс және жылыну аймақтары ұсынылады. Саябақ аумағы мерекелік жарықтармен безендіріліп, жаңажылдық композициялар мен суретке түсетін реквизиттер орнатылады. Орталық басшысының айтуынша, отбасымен демалуға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріледі.

— Жобаның тұжырымдамасына Еуропа қалаларының, әсіресе мұз үстінде ұзақ сырғанауға мүмкіндік беретін бағыттарымен танымал Венаның тәжірибесі негіз болды. Дәстүрлі мұз айдынынан айырмашылығы — мұнда келушілер конькимен серуендей алатын өзара жалғасқан мұз жолдары жасалады. Аумақ мерекелік аркалармен, гирляндалармен, жаңа жылдық әшекейлермен және тақырыптық фотозоналармен толықтырылады, — дейді орталық.

Фото
Фото: Астана Урбанистика орталығы

 

Осылайша орталық қысқы демалысқа арналған, баршаға қолжетімді кеңістік қалыптастыруды көздеп отыр. Қазір келушілерге қызмет көрсету, саябаққа кіру тәртібі және қосымша қызметтер ұсыну шарттары секілді ұйымдастыру мәселелері пысықталуда. Толық ақпарат саябақтың ашылуына қарай жарияланады.

— ASTANA WINTER PARK қысқы маусым бойы жұмыс істейді. Саябақты 2026 жылғы қарашаның ортасында ашып, алғашқы маусымды 2027 жылғы 31 наурызда аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ретте Линейный саябақтың өзі жыл бойы қоғамдық кеңістік ретінде жұмысын жалғастырады. Алдағы уақытта қысқы мұз саябағын жыл сайын ұйымдастыру көзделіп отыр, — деді Урбанистика орталығы.

Фото
Фото: Астана Урбанистика орталығы

 

Мұздың сапасын қамтамасыз ету үшін заманауи инженерлік жүйелер, арнайы салқындату жабдықтары және мұз құю техникасы қарастырылған. Ал нысанды алдағы уақытта пайдалану және күтіп ұстау мәселелері әлі де қарастырылып жатыр. Басты басымдық — келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы және нысанға тиісті техникалық қызмет көрсету.

Фото
Фото: Астана Урбанистика орталығы

 

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Астананың Урбанистика орталығының тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізуді тапсырған еді.