Вена музейінен 600-ден астам гауһар тасы бар алқа ұрланды
АСТАНА. KAZINFORM – Екі ер адам Венадағы музейден күндіз 600-ден астам гауһар таспен көмкерілген, құны 4 млн доллардан асатын платина алқаны ұрлап кетті. Полиция күдіктілерді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды BBC.
Бейсенбі күні түстен кейін екі күдікті Вена қолданбалы өнер музейіндегі (MAK) шыны витринаны сындырып, 600-ден астам гауһар таспен безендірілген платина алқаны алып кеткен. Оның құны 4 млн доллардан асады деп болжанып отыр.
Бұрынғы Мысыр корольдік отбасы үшін жасалған әшекей музейде қыркүйекке дейін өтетін Van Cleef & Arpels зергерлік компаниясының көрмесіне қойылған.
Ұрлықтан кейін күдіктілер музейдің оңтүстігінде орналасқан Вена қалалық саябағына қарай қашқан. Полиция мәліметінше, күдіктілердің бірінде атыс қаруы болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары бетпердесіз жүрген екі ер адам түсіп қалған бейнебақылау камерасының кадрларын жариялады. Полиция олардың қайда жүргені немесе ұрлықтың мән-жайы туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
Күдіктілерді іздеу халықаралық операция аясында жүргізіліп жатыр.
Венадағы бұл оқиға Еуропада құнды жәдігерлер қолды болған кезекті атышулы музей ұрлығы болды.
Бұған дейін Бонндағы музейден жасы бір миллиард жылға дейін жететін 100-ден астам экспонат ұрланған еді. Сондай-ақ Сицилиядағы музейден Мадонна мен Христос бейнеленген картиналар қолды болған.