Венада ЕҚЫҰ мен ШЫҰ ынтымақтастығының перспективалары талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 мамырда Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бойынша форум отырысы барысында ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов баяндама жасады.
Атап айтқанда, Алимов халықаралық күштерді шоғырландыру - жаһандық деңгейде қауіпсіздіктің ағымдағы сын-қатерлерін шешудің жалғыз жолы екенін атап өтті және басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастық орнату ШЫҰ басымдығы болып табылатындығын айтты, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
ЕҚЫҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі, елші Қайрат Сарыбай сөйлеген сөзінде ЕҚЫҰ ұйымына қатысушы мемлекеттерді 2016 жылғы маусымда басталған Қазақстан төрағалығының басымдықтарынан хабардар етті. Ол өңірлік қауіпсіздікті нығайтуды, экономикалық ынтымақтастықты дамытуды, транзиттік-көліктік әлеуетті ашуды, 2025 жылға дейін ШЫҰ Даму стратегиясын іске асыру контексінде мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуды қамтиды.
Ол сондай-ақ алда 2017 жылғы 9 маусымда өтетін ШЫҰ Саммиті барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұйымдар ынтымақтастығының тұжырымдамасы, экстремизмге қарсы іс-әрекет жөніндегі ШЫҰ Конвенциясына қол қою және осы мәселе бойынша өтініш қабылдау, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы стратегиясы сияқты мәселелердің қаралатынын атап өтті.
Қ. Сарыбай Пәкістан мен Үндістанның Ұйымның толыққанды мүшесі болуының арқасында ШЫҰ кеңеюі есебінен ШЫҰ елеулі экономикалық құраммен халықаралық құрылымға айналатынын атап өтті. Өндірістік-қайта өңдеу, транзиттік-көліктік және осы ұйымның кеңістігінде әлеуметтік инфрақұрылымды бірлесіп құру арқылы ұзақмерзімді сауда-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күші мен ЕҚЫҰ, Қазақстанның тұрақты өкілі басқаратын экономикалық-экологиялық комитет арасындағы ынтымақтастық үшін де айтарлықтай негіз болмақ.