Венада Қазақстанның бастамасымен ЕҚЫҰ аясында есірткіге қарсы күрес мәселелеріне байланысты конференция өтуде

Алқалы жиынды Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілдігі, ҚР Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері, сонымен қатар ЕҚЫҰ полиция қызметінің стратегиялық мәселелер бөлімі ұйымдастыруда. Бұл ақпаратты еліміздің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов басшылық еткен қазақстандық делегация құрамында Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің өкілдері бар.
«Конференцияға есірткіге қарсы күрес жөніндегі жоғары деңгейдегі ұлттық сарапшылар, ынтымақтастық бойынша әріптестер мен халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысуда. Аталған іс-шара ең алдымен есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске қатысушы-мемлекеттерге ЕҚЫҰ қолдауын күшейтуге, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттер арнайы органдарының өзара іс-қимылдарын жақсартуға бағытталған», делінген баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, іс-шара барысында есірткі бизнесі әртүрлі елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіретіні, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуға кедергі келтіретіні аталып өтілген.
Конференцияны ашқан еліміздің Ішкі істер министрі есірткі қылмысына қарсы күрес проблемасы трансшекаралық сипатқа ие екенін және оған барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бірлесіп қабылдаған іс-әрекеті мен ынтымақтастығы негізінде ғана қарсы тұруға болатындығын атап өткен.