Венецияда қазақстандық фильмдер көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 қыркүйек күні Венецияда қазақстандық жаңа кинокартиналардың тұсаукесері өткізіледі. «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің дирекциясымен ұйымдастырылатын бірегей шара Италия ұлттық кинематографиялық, аудиовизуалды және мультимедиялық өнімдері қауымдастығының (ANICA) арқасында мүмкін болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі кинофестивальдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Венецияда қазақстандық фильмдер көрсетіледі

«Қазақстан жайлы біліңіз: аудиовизуалды дамудың жаңа шекаралары» атты шарада мына қазақстандық картиналар көрсетіледі: «Өзен» (реж. Э.Байғазин), «Аруақ» (реж.Х.Ахметов), «Әміре» (реж. Д.Веспа), «Талан» (реж. Б.Қалымбетов), «Ол» (реж. А.Сатаев), «Алмас қылыш» (реж. Р.Әбдірашов), «Анаға апарар жол» (реж. А.Сатаев), «Оралман» (реж. С.Қуұманбеков), «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» (реж. Т.Теменов), «Шыңырау» (реж. Ж.Жетіруов), «Жат» (реж. Е.Тұрсынов). Сонымен бірге, «Күлтегін» (реж. А.Әбілдинов), «Jumper» (реж. Арман Бейсембаев) пен «Мұзбалақ» (реж. Т.Майдан мен Т.Төлеуғазы) анимациялық фильмдерінің трейлері паш етілмек.

«Қазақстандық кинематографистер мен өнер қайраткерлері үшін бұл өте маңызды болып табылады. Себебі, мұндай шаралар көбінесе біздің кино мен мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосады. Осыған байланысты мен ANICA италиялық компаниясының халықаралық департаметінің басшысы Роберто Стабилеге ерекше алғысымды айтқым келеді. Жалпы, Венецияда өнердің өте жоғары бағаланатынын білеміз. Біздің шараның Венециялық кинофестивальмен тұспа-тұс ұйымдастырылып жатқаны қуантады», - дейді «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева.

Сонымен қатар, шара аясында құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі болып табылатын «Еуразия» кинофестивалі таныстырылады. «Еуразия» - Халықаралық кинопродюссерлер қауымдастығының федерациясында (FIAPF) тіркелген Орталық Азиядағы ірі кинофорум.

Венецияға Қазақстан жақтан режиссерлер Болат Қалымбетов, Тоқтар Қарсақбаев, Талғат Теменов, актерлар Санжар Мәдиев барады.