Венесуэла американдық үш дипломатты ел аумағынан шығарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венесуэла Президенті Николас Мадуро оппозицияға қолдау көрсеткені үшін АҚШ консулдығының үш қызметкерін ел аумағынан шығаратындығы жайында мәлімдеді, деп хабарлады Би-Би-Си.

Венесуэла американдық үш дипломатты ел аумағынан шығарады

Мадуроның сөзіне қарағанда, дипломаттар жергілікті университеттердің студенттерімен кездесулер өткізген көрінеді. Осы оқиға бойынша АҚШ тарапының іс-қимылы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, осының алдында венесуэлалық оппозицияның көшбасшысы Леопольдо Лопес сейсенбіде Каракас көшелерінде наразылықтың жаңа акцияларын басқаруға ниетті екенін жариялаған болатын. Билік тарапы оны қамауға алу туралы шешім шығарғанына қарамастан осындай әрекетке барғалы отыр.

Н. Мадуро оппозиция өкілі Лопесті үкіметті құлату жоспары аясында зорлық-зомбылыққа арандатушылық жасап жүр деп айыптауда.

Венесуэлада бірнеше күннен бері қазіргі биліктің жақтастары мен қарсыластарының жаппай акциялары өтіп жатыр. Өткен сәрсенбіде студенттік наразылық акциясын тарату кезінде үш адам ажал құшты.