09:21, 04 Қаңтар 2016 | GMT +5
Венесуэла егер ОПЕК шұғыл саммитін өткізбесе мұнай бағасы 27 долларға дейін құлдырауы мүмкін деген қауіп айтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Венесуэла мұнай министрі Эулохио дель Пино өзінің Telesur телеарнасына берген сұхбатында ел билігі барлық тәуелсіз өндірушілердің қатысуымен ОПЕК мұнай өндіруші картелі елдерінің кезектен тыс саммит өткізуіне бастама көтеріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады Gazeta.ru RNS-ке сілтеме жасап.

«Президент Николас Мадуромен бірге біз ОПЕК көшбасшылары мен тәуелсіз өндірушілерді оятып, қаңтарда шұғыл кездесу өткізу қажеттігін үнемі естеріне салып отырмыз», - деді ол.
Дель Пино егер экспорттаушылар үйлестірілген осындай іс-қимылдан бас тартса, мұнай бағасы қазіргі деңгейдегіден 10 долларға құлдырап, баррелі 27 долларға дейін түсуі мүмкін деген пікірін жеткізді.
«Барлық өндірушілердің бірлескен іс-қимылы - бұл қажеттілік. Энергияның қайтарымсыз көздеріне әділетті бағаны қорғау керек», - деп атап өтті министр.