Венесуэла президенті мұнай бағасының құлдырауына байланысты өзінің еңбекақысын азайтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Венесуэла көшбасшысы Николас Мадуро мұнай бағасының құлдырауына байланысты мемлекеттік шығындарды қысқартумен айналысатын комиссия құрылғанын жариялады, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.
Комиссия әсіресе жоғарғы мемлекеттік шенеукніктердің, министрлердің және олардың орынбасарларының, сондай-ақ мемлекеттік компания басшыларының еңбекақысын төмендету есебінен шығындарды азайту жөнінде ұсыныстар түсіруі тиіс.
Президенттің айтуынша, шығындарды қысқарту қажеттігі мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі салдарынан болып отыр. Мемлекет мұқтажы үшін автомобильдер сатып алуды мысалға келтіре отырып, Мадуро: «Мен машиналарды медициналық қызметтер үшін ғана, олар пациенттерді қабылдап, аудандарға баруы үшін сатып алар едім, ал төрешілдерге - машина сатып алмас едім», деді.
Президент сонымен бірге әлеуметтік маңызды шығындарға - атап айтқанда, «Тұрғын үй», «Тағам» бағдарламаларына тиіспеуге уәде берді.
27 қарашада Венада ОПЕК мүшелері ұйымның 2015 жылғы маусымда болатын келесі отырысына дейін қазіргі квотаны сақтауға шешім қабылдады. Бұл жаңалық мұнай бағасының құлдырауына әкеп соқты, сенбі күні психологиялық маңызды межеден - барреліне 70 доллардан төмен түсті.
Бағаның төмендеуінен мұнай және мұнай өнімдері экспортының ЖІӨ-дегі үлесі елеулі елдер зиян шегеді. Венесуэлада ІЖӨ-нің 21 пайызы, Ресейде - 14 пайызын құрайды.