11:26, 06 Шілде 2013 | GMT +5
Венесуэла президенті Н.Мадуро Э.Сноуденге саяси баспана ұсынды
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері және америкалық арнайы қызметтерді әшкере еткен Эдвард Сноуденге Венесуэла аумағынан баспана ұсынды, деп хабарлайды РБК.
Венесуэланың Тәуелсіздік күніне арналған парадта жасаған мәлімдемесінде Н.Мадуро: «Мен жас америкалық Э.Сноуденге Боливар мен Чавестің отанында гуманитарлық баспана ұсынуды шештім, ол мұнда келіп АҚШ-тың қудалаушыларынан алшақта өмір сүре алады», - деп атап өтті.
Бұған дейін Никарагуа президенті Даниэль Ортега да «егер жағдайлар мүмкіндік берсе» Э.Сноуденге баспана ұсынуға дайын екендігін білдірген мәлімет түскен болатын. Қазіргі уақытта Э.Сноуден Мәскеудің «Шереметьево» әуежайының транзиттік аймағында.