Венесуэла президенті Уго Чавес дүниеден озды

Венесуэла вице-президенті Николас Мадуро 5 наурыз күні ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде көзіне жас ала отырып, ел президенті Уго Чавестің қайтыс болғандығы туралы хабарлады.
«Біз бүгін президент Уго Чавес (сейсенбі) сағат 16.25-те (мәскеу уақытымен 00.55 - сәрсенбі) дүние салғандығы туралы ең ауыр және қайғылы жаңалықты алдық», - деп мәлім етті мемлекеттік телеарнаның эфирінде Чавестің ізбасары саналатын Мадуро.
Венесуэла әскерилері Чавестің өлімінен кейін вице-президент Мадуроға қолдау білдіруге уәде етті.
Венесуэла армиясының басшылығы Уго Чавес дүниеден озғаннан кейін сәрсенбі күні ел вице-президенті Николас Мадуроға қолдау білдіретіндігін мәлім етті, деп хабарлады Рейтер агенттігі.
Уго Чавесті жер қойнына тапсыру рәсімі жұмаға белгіленді, деп хабарлады Венесуэла Сыртқы істер министрлігінің басшысы Элиас Хауаға сілтеме жасап Рейтер агенттігі. Хауа сондай-ақ Чавестің қайтыс болуымен елде жеті күндік қаралы күн жарияланатындығын атап өтті.