21:16, 22 Ақпан 2024 | GMT +5
Венесуэлада шахтаның опырылуынан 15 адам қаза тапты
КАРАКАС. KAZINFORM – Венесуэланың оңтүстік-шығысындағы Боливар штатының Ангостура муниципалитетіндегі шахтаның опырылуы салдарынан 15 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды. Бұл туралы сәрсенбі күні кешке ел президенті Николас Мадуро мәлімдеді.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғастыруда.
– Біз дереу барлық азаматтық қорғаныс бөлімшелерін жібердік және Боливар штатының губернаторы Анхель Марканомен бірге құтқару процесін күшейтеміз, – деді Мадуро мемлекеттік телеарнада.
Алдын ала тексерулер шахтадағы апат 30 метр тереңдікке ені 100 метрге дейінгі топырақтың опырылып түсуінен келіп шыққанын көрсетті.