Венесуэлада жаңа президентті сайлау күні белгіленді

Би-Би-Си агенттігінің хабарлауынша, жұма күні қайтыс болған Уго Чавестің мұрагері президенттің міндетін атқарушы Николас Мадуро билік партиясының атынан дауысқа түспек, ал оппозициядан бірден-бір кандидат Энрике Каприлес болмақ.
Уго Чавес 5 наурыз күні ұзаққа созылған қатерлі ісік сырқатынан көз жұмды. Өткен жылғы қазан айында ол Каприлесті жеңіп, төртінші мерзімге сайланған болатын. Сонда Чавеске сайлаушылардың 54%-ы, ал оның қарсыласына 44%-ы дауыс берген болатын.
Чавес толық емделгені туралы айтқанмен, денсаулығы қайтадан сыр берген кезде өткен жылдың желтоқсан айында алғаш рет өзінің мұрагері туралы айтты.
Жұма күні ант берген 50 жастағы Мадуро Чавестің солшыл саясатын жалғастыратынына уәде берді. Әлеуметтік сауалдамалар бойынша, алдағы сайлауда ол басты рөл атқармақ.
Венесуэла сайлау комиссиясының басшысы Тибисай Лусеннің айтуынша, президентке үміткерлер дүйсенбіге дейін тіркелуі тиіс.
Сайлау күні жарияланғаннан кейін оппозициялық коалиция басшысы Миранда штатының губернаторы Каприлеске дауысқа түсуге ресми ұсыныс жасады. «Таяудағы сағаттарда мен өз шешімімді жариялаймын», - деді саясаткер.
40 жастағы Каприлес заңгер, ол «орталықшыл» және «гуманист» деп саналады. Оның айтуынша, ол бизнес пен инвесторлардың мүддесі үшін әрекет еткен және әлеуметтік бағдарламаларды дамытқан Бразилияның экс-президенті Луиш Инасио Лула да Силваны үлгі тұтады.
Чавестің мемлекеттік жерлеу рәсімі жұма күні өтті. Каракастағы әскери мұражайға қойылған оның денесімен қоштасуға миллиондаған венесуэлалықтар келді.
Мадуроның айтуынша, оның денесі Ленин және Мао Цзэдун сияқты бальзамдалатын болады.
Оппозиция Мадуроның ант беру рәсіміне байкот жариялап, оны конституциялық емес деп атады.
Олардың пікірінше, конституцияға сәйкес президенттің міндетін атқарушы Ұлттық ассамблеяның спикері Диосдадо Кабельо болуы тиіс.
Оппозиция сондай-ақ конституцияда сайлау президент қайтыс болғаннан кейін 30 күн ішінде өткізілуі тиіс екені көрсетілген деп санайды, ал жергілікті ОСК таңдаған күн бұл кезеңмен тұстас болмай отыр.
Дегенмен, Мадуро сенбі күні президенттің міндетін атқарушы ретінде алғашқы дипломатиялық шаралар өткізді. Ол Венесуэланың бұрынғы көшбасшысының мемлекеттік жерлеу рәсіміне келген қытай делегациясымен жабық кездесу өткізді. Сондай-ақ осы күні ол Никарагуа президенті Даниэль Ортегамен бірге Чавестің денесі қойылған мұражайда болды.