Венецияда бір күндік сапар үшін туристік алым қайта енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM –   Венецияға кірудің жаңа тәртібі 2025 жылғы 18 сәуір мен 27 шілде аралығында күшінде болады. Бұл туралы Анадолы хабарлады. 

Венецияда бір күндік сапар үшін туристік алым қайта енгізіліп жатыр
Фото: Анадолы

Биыл Венеция билігі бір күндік сапармен келетін туристерден кіру ақысын алуды жалғастырады. Бұл шара алғаш рет өткен жылы туристер легін бақылау мақсатында енгізілген.

2023 жылдың қыркүйегінде Венеция қалалық кеңесі жаппай туризммен күресу аясында қабылдаған шешімге сәйкес, бұл жүйе былтыр 29 күн бойы сынақ ретінде қолданылды. 2025 жылы ол 54 күн ішінде, туристік ағынның көбейетін кезеңінде болады.

Биыл бұл жүйе 18 сәуір мен 27 шілде аралығында, негізінен мереке және демалыс күндеріне сәйкес келетін күндері қолданылады.

Көктем мен жаз мезгілінде Венецияның тарихи бөлігін аралауды жоспарлаған туристер, егер олардың сапары осы 54 күннің біріне сәйкес келсе, алдын ала кіру уақытын броньдап, төлем жасауы қажет болады.

Бұл үшін арнайы жасалған Contributo di Accesso a Venezia («Венецияға кіру жарнасы») интернет-порталы арқылы тіркеліп, төлем жасауы керек.

Биылғы тәртіпке сәйкес, егер турист сапарынан 4 күн бұрын төлем жасаса — ақы 5 еуро, ал 3 күннен аз уақыт қалғанда — 10 еуро болады.

Сонымен қатар, төлем жасамаған немесе порталға тіркелмеген туристерге салынатын айыппұл былтырғыға қарағанда екі есе азайтылды. Айыппұл көлемі 25 еуродан 150 еуроға аралығында болады (оған қосымша 10 еуро кіру ақысы қосылады).

Былтырғыдай, қаланың негізгі кіру нүктелерінде Санта-Лучия теміржол вокзалында, Рим алаңында және Тронкетто автотұрағында ақпараттық тақталар мен бақылау және төлем пункттері орнатылады.

Қалаға келген туристер, мейлі жергілікті, мейлі шетелдік болсын, егер интернет арқылы алдын ала төлем жасамаған болса, сол орындарда рәсімдеуді аяқтай алады.

Алайда, кейбір сыншылар бұл шара ең қызған туристік күндерде де Венецияға келушілердің санын азайтпайтынын алға тартады.

Қалалық әкімдік былтыр 29 күн ішінде 5 еуро көлемінде алынған алымнан 2,4 миллион еуро табыс түскенін хабарлады.

Қалалық кеңестің бюджетті қадағалайтын мүшесі Микеле Зуин биылғы табыс өткен жылмен салыстырғанда 1–1,5 миллион еуроға артуы мүмкін екенін айтты.

Арналарға салынған ерекше сәулеті мен бай тарихи мұрасымен танымал Венеция жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристі тартады.

Айта кетелік Венеция 2150 жылы су астында қалуы мүмкін.

 

Соңғы жаңалықтар