Венгрия ЛГБТ қауымдастығына қатысты бірқатар тыйымды алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – Венгрия парламенті 2021 жылдан бері қолданыста болған ЛГБТ тақырыбындағы ақпаратты таратуға және кәмелетке толмағандарға біржынысты қатынастарды көрсетуге қатысты тыйымдардың күшін жойды, деп хабарлайды Deutsche Welle.
13 қазанда Будапештте өткен парламент отырысында премьер-министр Петер Мадьяр үкіметі ұсынған заң жобасы мақұлданды. Құжатты 139 депутат қолдап, 51 депутат қарсы дауыс берді.
Осылайша, «Балаларды қорғау туралы» заңнан ЛГБТ тақырыбындағы ақпаратты таратуға қатысты даулы шектеулер алынып тасталды. Алайда балалардың физикалық, интеллектуалдық, эмоционалдық немесе адамгершілік дамуына елеулі зиян келтіруі мүмкін материалдарға тыйым сақталады.
Бұл – Виктор Орбан билігі кезінде қабылданған ЛГБТ қауымдастығына қатысты шектеулердің Петер Мадьяр премьер-министр қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет елеулі түрде жеңілдетілуі.
Еуропалық комиссия Венгрия парламентінің шешімін құптап, оны Еуроодақтың ортақ құндылықтарына адалдықтың маңызды белгісі деп бағалады.
– ЛГБТК қауымдастығының құқықтары – Еуропалық Одақтағы негізгі құқықтардың бірі, – делінген ЕО-ның теңдік мәселелері жөніндегі комиссары Хаджа Лахбиб пен тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі комиссар Майкл Макграттың бірлескен мәлімдемесінде.
Бұған дейін, 2021 жылы Виктор Орбан үкіметі қабылдаған заң бойынша 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге гомосексуалдық қатынастар мен гендерлік ауысу туралы ақпарат беруге шектеу қойылған еді. Теледидарда біржынысты қатынастарды көрсету айыппұл салуға негіз болған.
Сондай-ақ аталған заң Будапештте ЛГБТ шеруін өткізуге тыйым салу үшін пайдаланылған.
2026 жылдың сәуірінде Люксембургтегі Еуропалық Одақ соты Венгрияның бұл заңын ЕО құқықтарына қайшы деп таныды. Ал 2022 жылдың соңынан бері Еуроодақ осы заңға байланысты Венгрияға бөлінетін шамамен 500 млн еуро қаржыны тоқтатқан болатын.
Биыл сәуірде өткен парламент сайлауында «Тиса» партиясы жеңіске жетіп, 2010 жылдан бері билік басында болған Виктор Орбан премьер-министр қызметінен кетті. Оның орнына Петер Мадьяр келді.
Айта кетейік, бұған дейін Венгрия парламенті Конституцияға адамның тек ер немесе әйел жынысына жататынын бекітетін түзетуді мақұлдаған болатын. Сол кездегі заңнамалық өзгерістер ЛГБТ шерулеріне қойылған шектеулерді күшейтуге бағытталғаны хабарланған еді.