Венгрия Сербиямен шекарасына екінші қоршау салады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрия үкіметі Сербиямен шекарасына екінші қоршау салуды көздеп отыр. Мұны Хорватияда өтіп жатқан аймақтық конференция барысында Венгрияның сыртқы істер министрі мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Бұл - елді заңсыз мигранттардың ағынынан сақтап қалуға бағытталған шара. 2015 жылы шекарада салынған алғашқы дуал елге келген босқындар санын азайтуға сеп болған еді. Венгрия билігі Түркияның миграция саласына қатысты саясатының өзгеру мүмкіндігінен қауіптеніп отыр.
Еске сала кетсек, Анкара мен Еуроодақ арасындағы келісім бойынша, Түркия өз аумағы арқылы Еуропаға өткен босқындарды қабылдайтын болды. Ал Еуроодақ Анкараға 3 млрд еуро бөлуі тиіс. Алайда жақында Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу қазан айына дейін Еуроодақ осы елдің азаматтары үшін визасыз барып-келу тәртібін орнатпаса, бұл келісімнен бас тартатынын мәлімдеген болатын.