Венгрияда ер адам ұшақты айдап әкетіп, атом электр станциясына қарай бағыт алған
АСТАНА. KAZINFORM – Венгрияда 24 жастағы ер адам шағын Cessna 172 ұшағын айдап әкетіп, Пакш атом электр станциясына қарай бағыт алған соң елдің әскери күштері жойғыш ұшақтарды әуеге көтерді, деп хабарлайды BILD жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Оқиға 19 тамызда болған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, ер адам Калоча әуежайынан Cessna 172 ұшағын рұқсатсыз алып ұшқан.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай радарларға түскен. Оның Пакш атом электр станциясы бағытында ұшып бара жатқаны анықталған соң әскери жойғыштар көтеріліп, Cessna-ны әуеде бақылауға алған.
Бірнеше минуттан кейін ер адам ұшақты апатты жағдайда қондыруға мәжбүр болған. Aero Telegraph мәліметінше, қону кезінде ұшақтың шассиі зақымданып, әуе кемесі бір қанатына сүйеніп тоқтаған.
Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан қашуға әрекет жасаған. Жолда оны көлік жүргізушісі байқап, жарақат алған болуы мүмкін деп көмек көрсетпек болған. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері келіп, ер адамды ұстаған.
Күдікті ауруханаға жеткізіліп, оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
– Мен мас болғаным соншалық, ұшақты қалай айдап әкеткенімді мүлде есіме түсіре алмаймын, – деген күдікті есін жиғаннан кейінгі полицияның сұрағында, деп жазады венгриялық 24.hu порталы.
Ер адамның ұшақты не үшін айдап әкеткені әзірге белгісіз. Тергеушілер оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ күдіктінің ұшқыш лицензиясы бар-жоғы да тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, Канадада баланың қылығы ұшақ рейсінің тоқтауына себеп болды.