Венгрияда заң бойынша тек екі жынысты мойындау мақұлданды
АСТАНА. KAZINFORM — Венгрия Парламенті ел Конституциясы бойынша «адам тек ер немесе әйел бола алады» деген түзетуді мақұлдады, деп хабарлайды DW агенттігі.

14 сәуір күні Венгрия Парламенті Конституция бойынша «адам не ер, не әйел ретінде ғана бөлінеді» деген өзгерісті қабылдады.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, депутаттар қолдаған тағы бір заңнамалық өзгеріс прайд-шерулерін (ЛГБТ шерулерін) өткізуге тыйым салуды нығайтуға бағытталған.
Жаңа Конституциялық түзетуде былай делінген: «Венгрия неке институтын ер мен әйелдің өзара ерікті келісіміне негізделген одақ ретінде қорғайды, сондай-ақ отбасын ұлттың өмір сүруінің негізі ретінде таниды. Отбасы — неке мен ата-ана мен бала арасындағы қатынастарға негізделеді. Адам не ер, не әйел болады. Әке — ер адам, ана — әйел», — деп жазды «Азаттық радиосы» (Radio Svoboda).
Аталған түзетулерді 140 депутат қолдап, 21 депутат қарсы дауыс берген. Бұл — ел Конституциясын өзгертуге қажет үштен екі көпшілікті қамтамасыз етті. Өзгерістерді Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан және оның ФИДЕС партиясы қолдап отыр.
Заңнамаға енгізілген бұл өзгерістерге қарсылық ретінде, Парламент ғимараты маңында оппозиция жақтастары жаппай наразылық шарасын өткізді, деп хабарлады dpa агенттігі.
Акцияны шағын оппозициялық Momentum партиясы ұйымдастырған.
Бұған дейін Венгрия Халықаралық қылмыстық соттың құрамынан шығатынын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, Венгрия президенті Каталин Новак отставкаға кетті.