Ветеринария мәселелеріне арналған заң жобасы бойынша Парламент палаталары арасында келіспеушілік туындады

None
None
АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген түзетулерді қарап шықты.
Ол бойынша бірқатар келіспеушіліктер туындағандықтан қос палата арасында келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты ? еліміздегі ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару және реттеу. Сонымен бірге, құжатта ветеринария ұйымдарының қызметін қайта қарау, ветеринариялық-санитарлық салауаттылық және тамақ өнімінің, ветеринарлық дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі шаралары қамтылады. Қазақстанның алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруі жануарлардың денсаулығын және өндірілетін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы белгілі бір құқықтық нормаларды енгізуді қажет етеді. Осыған орай, заң жобасында тиісті тетіктер қарастырылып, еліміздегі жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотиялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ тамақ өнімінің ветеринарлық-санитарлық тұрғыдан қауіпсіз өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған жобаға «ветеринарлық бақылау бекеті», «ет өңдеуші кәсіпорын» және «сою алаңы» деген ұғымдарды айқындауға қатысты толықтырулар жасаған болатын. Бірақ, осындай жаңа ұғымдардың енуіне қатысты Мәжілістің Бас комитеті келіспеушілік танытты. «Мәселен, Сенат заң жобасына «ет өңдеуші кәсіпорын» деген жаңа ұғым енгізіп отыр. Алайда, азаматтық заңнамаға сәйкес «кәсіпорын» деген ұғым «мемлекеттік» кәсіпорындар ретінде түсіндіріледі. Мұның өзі мемлекеттік емес заңды тұлғаның осындай қызметпен айналысуға құқығы болмайтынын білдіреді», делінген Бас комитеттің түсіндірме жазбасында. Осындай келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясы құрылып, оның құрамына палата депутаттары мүше болып сайланды.
Соңғы жаңалықтар
telegram