Ветеринария саласы реформаланады: Министрлік жол картасын бекітті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасы бекітілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойды. Оларды орындау үшін ветеринария жүйесіне аудит және талдау жүргізілді. Сонымен қатар ветеринария саласын реформалау бойынша шаралар әзірленіп, ол сараптамалық қоғамдастықпен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен және құзырлы мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланды», - деді Рүстем Құрманов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі жол картасы бекітілді. Ол мынадай шараларды қамтиды:

- ветеринар дәрігерлердің мәртебесін анықтау;

- ветеринария саласын цифрландыру және автоматтандыру;

- ветеринария саласы мамандарын даярлау;

- жергілікті жерлерде мал дәрігерлерінің жалақысын арттыру;

- ветеринариялық қызметтер өкілеттіктерінің аражігін ажырату;

- ветеринария саласы бойынша заңнаманы халықаралық стандартқа сәйкестендіру.

«Жоғарыда аталған реформаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған шаралар отандық ветеринария қызметінің тиімділігін арттыруға және оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - дейді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар