Ветеринария заңнамасын бұзғандығы үшін салынатын айыппұл мөлшері тым төмен - АШМ

АСТАНА.  17 қыркүйек. ҚазАқпарат -Елімізде ветеринария заңнамасын бұзғандығы үшін салынатын айыппұл мөлшері тым төмен болып отыр.

Ветеринария заңнамасын бұзғандығы үшін салынатын айыппұл мөлшері тым төмен - АШМ

    Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Министрдің айтуынша, елімізде ветеринария заңнамасын бұзғандығы үшін салынатын ең жоғары бекітілген айыппұл мөлшері тым аз. «Мәселен, бұл айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін - 8 мың теңге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 80 мың теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 162 мың теңге ғана. Алайда, ветеринариялық заңнамаларды бұзғандығы салдарынан орын алатын шығын өлшеусіз әрі қайтарымсыз екендігін еске салғым келеді. Өйткені, бұндай жағдайда тек бір ғана өңірдің экспортына тыйым салу ғана емес, бүткіл Қазақстанның экспортына қауіп төндіретінін ұмытпауымыз керек», - дейді А. Мамытбеков.

Ауруы анықталып қолдан алынған және жойылған малдарға төленетін өтемақы әлгі малдың нақты базардағы құнынан төмен болып отырған. «Ірі қараның 85 пайызы жекеменшік қолында болғандықтан, әлгі өтемақының төмендігінен ешкім де ауру малын анықтап, оны көрсеткісі келмейтін жағдайлар бірнеше рет қайталанды. Сондықтан, көп жағдайда мал ауруларын өзіміз дендетіп алып жатырмыз», - дейді ведомство басшысы.