Ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады - Ербол Қарашөкеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады. Біріншіден, мемлекеттік монополия функцияларының бір бөлігін бәсекелі ортаға беру жоспарланып отыр, бұл осы салаға жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ветеринариялық қызмет жұмысы цифрлық форматқа көшіріледі, сол арқылы бір жағынан эпизоотиялық ахуалдың қадағалануы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал екінші жағынан, цифрландыру ветеринар мамандарды қағазбастылықтан босатып, негізгі функцияларын орындауларына мүмкіндік береді», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктер нақты бөлінетін болады. Сонымен қатар, ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарланып отыр. Бұл бастамаларды іске асыру үшін ветеринария саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірленеді.

Еске салсақ, Президент кешегі Жолдауында жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылданатындығы туралы айтты. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.



Соңғы жаңалықтар