Ветеринарлар оқ тиген жас жолбарыстың өмірі үшін күресіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Владивостокта ветеринарлар оқ жарақатымен келіп түскен жас жолбарыстың өмірі үшін күресіп жатыр.
Бұл туралы "Амурский тигр" орталығының Приморский филиалының баспасөз қызметінен хабарланды.
Қызыл кітапқа енген жыртқышты 18 тамызда Лазовский ауданы Кишиневка кентінің маңынан жергілікті аңшы тапқан. Оқиға орнына шыққан даулы жағдайларды реттеу бойынша мамандандырылған топ, ветеринарлар мен полиция қызметкерлері жолбарысты Владивостокқа тасымалдау шешімін қабылдады. Онда жануарға ота жасады.
- Жануар өмірі үшін күрес бір түнге жалғасты. Қазір жыртқыш бақылауда. Оның жағдайы тұрақты ауыр, - деді филиал директоры Сергей Арамилев. Оның атап өтуінше, бұл жас жолбарыстарды атудың жалғыз оқиғасы емес.