Ветеринарлардың орташа жасы - 60: Өңірлерде жас мамандар қайда

ветеринар
Фото: Pexels

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов аграрлық университетті бітірген мамандарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға ғана байланысты емес, яғни кадрларға да тәуелді. Статистикаға сүйенсек, аграрлық университеттерді бітіргендердің 80 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. Осы шын болса, онда неге ауылдық жерде агрономдар, зоотехниктер, технологтар жетпейді? Ал, ветеринарлардың орташа жасы 60 екен. Сонда өңірлерге барып жатқан мамандар қайда?», — деді Ж. Асанов Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында. 

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7,5 мың маман бітіріп шығады.

«Бірақ неге механизатор, малшы, бау-бақша мамандары, техниктер ауылда тапшы? Бүгінгі Үкімет сағатына мемлекеттік органдармен бірге оқу орындарының, ғылым саласының, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақырып, жан-жақты пікір алмассақ деген ниетіміз бар. Заң шығарушы билік ретінде қай жағынан біз үлес қоса аламыз? Қандай заңдарды қабылдай аламыз? Осы мәселелер төңірегінде нақты әңгіме жүргізсек. Соның қорытындысымен келешекте жасайтын қадамдарымызды белгілеп аламын», — деді Сенат төрағасының орынбасары.

Жақып Асанов сондай-ақ аграрлық ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатқанын сынға алған еді.

Соңғы жаңалықтар