Ветеринарлық мәселесін түбегейлі шешу үшін білім туралы заңнамаға өзгерту енгізу қажет - И.Сауэр

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ветеринарлық мәселесін түбегейлі шешу үшін білім туралы заңнамаға өзгерту енгізу қажет.

Ветеринарлық мәселесін түбегейлі шешу үшін білім туралы заңнамаға өзгерту енгізу қажет - И.Сауэр

Бұл пікірді бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Ет және сүт өндірушілер мен өңдеушілердің екінші форумында ҚР Ет-сүт одағы басқармасының төрағасы Иван Сауэр айтты.

Мал шаруашылығы саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін де тысқары қалдырмаған ол: «Көптеген ауыл шаруашылық құрылымдарының білікті мамандарға мұқтаж болып отырғандығы ешкімге құпия емес. Ветеринарлар мәселесі біздің барлық жоспарларымызда күрмеуі қиын мәселе болуы мүмкін. Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін білім туралы заңнамаға өзгерту енгізу қажет», - деді.

Оның атап өтуінше, елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен жыл сайын шамамен 100 адам ветеринар мамандығын алып шықса, оның 80 пайызы мемлекеттік грант есебінен білім алғандар. Дегенмен, олардың шамамен 30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады және тек 3 пайызы ғана ауылды жерлерде өз мамандықтары бойынша еңбек етеді.

«Білім алуға мемлекет қаржысы шығындалды. Ал жауапкершілік мен міндеттеме оқуға түсетіндерге жүктелмеген», - деп атап өткен И.Сауэрдің пікірінше, мемлекет есебінен білім алған түлектерге заңнамамен жауапкершілік жүктеу қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы оқу орындарына студенттерді қабылдау барысында ауыл мектебін бітірген түлектерге басымдық беру керек.

«Біз үнемі Павловтың «дәрігер адамды, ал ветеринар дәрігер адамзатты емдейді» деген қанатты сөзін еске аламыз. Менің ойымша, егер біз ветеринар дәрігерге ауылдық медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, мәдениет қызметкерлеріне берілетін жеңілдіктер мен преференцияларды берсек әділдік болар еді», - деді.