«Ветеринарлық полиция құрылмайынша, малдың жайы мәз болмайды»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 қаңтар, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ветеринарлық полиция құрылмайынша, малдың жайы мәз болмайды»- республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен жа­ңар­ған құрамдағы Үкіметтің бірінші отырысы өтті. Премьер-Министр өзінің орынбасарлары­ның атқаратын міндеттерін бел­гі­леді. Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Серік Ахметовке экономиканы ағымдағы басқару және өңірлік саясат пен үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын жү­зе­ге асыру міндеттері жүктелді.  Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеу­меттік саясат, әлеуметтік әріп­тестік, мәдениет пен спорт, ша­ғын және орта бизнесті дамыту, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимылды үйлестіру мәселесі жүктелді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Премьер-Министр орынбасарларының міндеттері айқындалды» атты мақаладан оқыңыздар.

 Осы басылым Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) президенті Николай Платоновтың жаңа жұмыс орындары ашылғалы отырғандығы жөніндегі мәлімдемесі туралы жазады. Консорциум президентінің айтуынша, Атырау облысының Индер және Махамбет аудандарында бой көтеретін жаңа балабақшалар нысанының құжаттары дайын етіліпті. Енді құрылысты жүргізетін мердігер мекемелер анықталмақ. Мұнайлы өңірдің әлеуметтік дамуынан шет қалып көрмеген КҚК Қазақстан мен Ресей  арқылы өтетін құбырмен мұнай тасымалдау қуатын арттыру жобасына байланысты енді міне, жаңа жұмыс орындарын да ашқалы отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жұмыс орындары ашылады» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, бұрындары колхоз, совхоздардың дәурені жүріп тұрған уақытта зоотехник, ветврачтарыңыздың түкірігі жерге түспейтін. Олар ауыл интелегенциясының көш басындағы құрметті орында отыратын. Малды «списайт» етіп «май шайнайтын» құзырлы қызмет болатын. «Нархозға» түсемін дегендер бірден малдәрігерлікті таңдайтын. Бүгінде ветеринарияны таңдағандардың басым бөлігі дипломды жұмыссыздар қатарында. Осы уақыт аралығында мал дәрігерінің беделі неге сонша түсіп кетті? Бұл сұрақтың жауабын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Ветеринарлық полиция құрылмайынша, малдың жайы мәз болмайды» атты мақалада.

 Аталмыш басылымының жазуынша, Семейдегі мектептердің бірінде дене шынықтыру сабағы ерекше әдіспен өтіп жатыр. Мұндай бірегей тәсіл ұлттық ойындарды жандандыру және оқушылардың дене шынықтыру сабағына деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолға алыныпты. Бұл үшін педагог аттың бейнесіндегі костюм тіктірткен. Енді орыс мектебінде білім алып жатқан оқушылар қыз қуу, теңге алу, ауларыспақ сынды ат үстіндегі ойын түрлерін тәжірибе жүзінде үйреніп білуде. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Дене шынықтыру пәні ерекше әдіспен өткізілуде» атты мақаладан егжей- тегейлі білуге болады.

***

Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қоғамдық қабылдау орындары өткен жылғы жұмыстарының қорытындысына байланысты журналистермен брифинг өткізді. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Жұмажан Жүкеновтың айтуынша, партияның қоғамдық қабылдауына өткен жылы 79 мың 139 өтініш келіп түскен. Олардың басым бөлігі тұрғын-үй коммуналдық саласы мен жұмыспен қамту мәселесіне байланысты болған. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Высокий КПД общественных приемных» атты мақаладан білуге болады.