Вьетнам астанасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны алтыға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнам астанасындағы қоғамдық тамақтану орнында болған жарылыстан алты адам қаза тауып, тағы он адам жарақат алды. Ел премьер-министрі Ле Минь Хынг ауруханаларға барып, зардап шеккендерді емдеу үшін барлық медициналық ресурсты жұмылдыруды тапсырды, деп хабарлайды VNA агенттігі.

Вьетнам астанасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны алтыға жетті
Фото: VNA

Жарылыс 24 қараша күні таңғы сағат 8 шамасында Ханой қаласындағы Нгуен Ван Тует көшесінде болған. Оқиға салдарынан ғимарат опырылып құлаған.

Зардап шеккен он адам елордадағы үш медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір оларға шұғыл және қарқынды медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Үкімет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, дәрігерлерге ауыр жарақат алған науқастарға ерекше назар аударуды тапсырды.

Жергілікті билікке қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына материалдық және моральдық қолдау көрсету, сондай-ақ жарылыстан зақымданған көрші ғимараттардың жағдайын тексеріп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды нығайту міндеттелді.

Премьер-министр оқиғаның себептерін жедел анықтап, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қатаң шара қолдануды да тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі дәмханада ғимарат опырылып, өрт шыққан кезде екі адам зардап шеккенін хабарлаған еді.