Вьетнам жеміс-жидек пен көкөніс экспортынан 20 млрд доллар табуды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Банан, ананас және маракуйя Вьетнам экспортының бірнеше миллиард долларға өсуіне ықпал етуі мүмкін. Ел жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің экспортын жылына 20 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды VNA агенттігі.

Вьетнам жеміс-жидек пен көкөніс экспортынан 20 млрд доллар табуды көздеп отыр
Фото: VNA

Болжам бойынша, 2026 жылы жеміс-жидек пен көкөніс экспорты 9,5–10 млрд долларға жетеді. Одан әрі өсімді қамтамасыз ету үшін өндірушілер жаңа технологияларды енгізіп, шетелдік нарықтарға жеткізілім көлемін арттырып жатыр.

Әсіресе ананас өсіруге үлкен үміт артылып отыр. Жаңа сорттардың арқасында оның өнімділігі гектарына 100 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Ал одан түсетін табыс шамамен 39 мың долларды құрайды. Алдағы уақытта банан экспорты елге жыл сайын 2 млрд доллардан астам кіріс әкелуі ықтимал.

Алға қойылған мақсатқа жету үшін Вьетнам плантациялар аумағын кеңейтуді, өңдеу зауыттарын салуды және өнімді сақтау жүйелерін жетілдіруді жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның түрлі қалаларында құрманың бағасы қанша тұратынын анықтаған едік.