Вьетнамдағы ең бай әйелдердің бірі өлім жазасына кесілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Экономикалық салада алаяқтық жасағаны үшін сотталған Вьетнамдағы ең бай әйелдердің бірі Чыонг Ми Лан апелляциялық шағымда жеңілді. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Егер ол 9 миллиард доллар жинай алмаса, өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл сома оның алаяқтық жолымен тапқан қаражатының 75 пайызына тең.
Хабарға сәйкес, 68 жастағы Чыонг Ми Лан 2011-2022 жылдар аралығында Saigon Commercial Bank-тен 304 триллион донг (шамамен 12,5 миллиард доллар) несие алған. Бұл Вьетнамның 2022 жылғы ЖІӨ-нің шамамен 3 пайызын құрайды. Мемлекетке келтірген жалпы шығын 27 миллиард долларға бағаланды.
Вьетнам заңына сәйкес, экономикалық қылмысы үшін өлім жазасына кесілген адамдар ұрланған ақшаның 75 пайызын қайтарса, аман қалуы мүмкін. Осылайша Чыонг Ми Лан 9 миллиард доллар төлеуі керек.
Оның қорғаушылары апелляциялық шағымда өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, өйткені өлім жазасы қажетті соманы өндіруді әлдеқайда қиындатады.
Сот шешімінен кейін Чыонг Ми Лан президенттен рақымшылық жасауды сұрауға мүмкіндігі бар. Сот шешімі қашан орындалатыны белгісіз, өйткені Вьетнамдағы өлім жазасының орындалуы мемлекеттік құпия саналады. Әдетте соттау мен өлім жазасын орындау арасында бірнеше жыл өтеді.