Вьетнамдық компания еліміздегі әуежайлардың бірін сатып алуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнамдық SOVICO Group компаниясы еліміздегі әуежайлардың бірін сатып алуға ниетті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Вьетнамдық компания еліміздегі әуежайлардың бірін сатып алуға ниетті
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

— Вьетнам — Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен серіктестеріміздің бірі. 2023 жылы тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтады. Алайда, объективті себептерге байланысты біршама төмендеп кетті. Өткен жылды 879 млн доллармен аяқтадық. Негізінен ол жаққа жартылай фабрикаттар, шикізат, мырыш, қорғасын, мыс үлкен көлемде жеткіземіз. Ол жақтан тұрмыстық техника мен өңделген тауар аламыз. Вьетнамда бұл сала өте жақсы дамыған. Мемлекет басшысының соңғы сапары барысында Вьетнамның индустриялық аймағына да барған едік. Өте қатты ұнады. Ол жерде жапондық және Оңтүстік Кореялық компаниялар жұмыс істейді. Өздерінің өндірістерін жолға қойған. Шарттары өте жақсы. Бұл салада олардан үйренетін дүниелеріміз бар, — деді ол Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Вице-премьер сол сапар қорытындысында Вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Qazaq Air компаниясын сатып алғанын еске салып өтті.

— Таяуда ғана ол осында келіп, мен кездестім. Ол әуежайды сатып алу немесе басқаруға алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Өйткені, кез келген әуе компаниясы үшін қалай дегенде де базалық әуежай қажет. Компания өте үлкен. Халықаралық әуе компанияларымен де өте жақсы байланысы бар. Боинг компаниясымен үлкен келісімшарт жасасқан. Менің түсінуімше, ол борттарының бір бөлігін Қазақстанда дамытқысы келеді. Ол әуе компаниясын үлкейтпек. Сондықтан таяу уақытта Қазақстанда тағы бір үлкен әуе компаниясы ашылады, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам арасында жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.

Бұған дейін вьетнамдық инвестор Qazaq Air әуе компаниясының атауын өзгерткенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар