Вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсімі қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма мүшесі Елжас Отыншиев вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсіміне қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, қазір Qazaq Air үлесін сату бойынша мәміле шарттарын анықтау бойынша негізгі келіссөздер аяқталды. Биылғы 20 желтоқсанында өткен экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында негізгі шарттар бекітілді.
- Бұл ретте, жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесі мен Үкіметтің оң шешімін күтіп отырмыз. Вьетнамдық инвесторға екі талап қойылып отыр. Атап айтқанда, 2044 жылдың соңына дейін 38,4 млрд теңге қарыздың өтелуін, сондай-ақ бес жыл ішінде Boeing немесе Airbus шығарған 20 ұшақты сатып алуды қамтамасыз ету. Осы талаптарды орындау үшін вьетнамдық компания кепілдік беруге дайын, - деді Елжас Отыншиев Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Биыл күзде «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсімі қашан аяқталатынын нақтылады.
Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан Вьетнамның VietJet Air әуе компаниясымен меморандум жасаған еді.