VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан арқан тартыстан чемпион атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан арқан тартыстан чемпион атанды
Фото: Polisia.kz

ҚР ІІМ «Арлан» спорт клубының мүшесі, ШҚО ПД қызметкері Достан Ошабаев Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында арқан тартыстан бақ сынап, жеңімпаз атанды.

Қырғызстан, Пәкістан, Иран, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Ресей және Бразилия елдерінің спортшылары қатысқан тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы арқан тартыстан жалпыкомандалық есепте І орын иеленіп, алтын медальға қол жеткізді. Отандық спортшылар 8×8 және 4×4 санаттарында да жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазақстан арқан тартыстан чемпион атанды
Фото: Polisia.kz

Достан Ошабаев бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Атап айтқанда, 2024 жылы Ресейдің Түмен қаласында өткен арқан тартыстан ашық турнирде және Екатеринбург қаласында ұйымдастырылған «Еуразия кубогы» халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды.

Сол жылы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан күміс жүлдеге ие болды.

2025 жылы Қырғыз Республикасында өткен «Ыстықкөл» халықаралық спорт ойындарында арқан тартыстан жеңімпаз атанды.

ҚР ІІМ «Арлан» спорт клубы бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қызметкерлердің спорттық шеберлігін арттыруға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Бұған дейін Мейір Рахметқалиев арқан тартыстан Қазақстанға үшінші алтын әкелгенін жаздық.